Елена Рыбакина US Open турнирінде Тэйлор Фрицпен бірге микстте ойнайды

Фото: Getty Images
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатында аралас жұптық разрядта (микст) өнер көрсетеді.
Қазақстандық теннисшінің жұбы америкалық Тэйлор Фриц болады.
Турнир ұйымдастырушыларының мәліметінше, Рыбакина мен Фриц негізгі кезеңге тікелей жолдама алды.
Жалпы, 14 жұп іріктеу кезеңіне қатыспай-ақ негізгі сеткадағы орнын қамтамасыз етті. Тағы екі жұп іріктеу матчтарының нәтижесі бойынша анықталады.
Ал 16 жұптың жартысына турнир ұйымдастырушылары wild card, яғни арнайы шақырту берді. Шақырту алған жұптардың қатарында Элина Свитолина мен оның жұбайы Гаэль Монфис те бар. Олар да микстте бірге өнер көрсетеді.
Аралас жұптық турнирдің іріктеу матчтары 24 тамызға жоспарланған. Ал негізгі кезеңдегі ойындар 25 және 26 тамызда басталады. Турнир бірден 1/8 финал кезеңінен басталады.
Рыбакина мен Фрицтің алғашқы матчтағы қарсыластары кейінірек анықталады.
Қазіргі уақытта Рыбакина Цинциннатидегі турнирде жекелей сында да өнер көрсетіп жатыр. Магдалена Френхпен өткен матч кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты кездесу екі рет тоқтатылған болатын.