Ербол Мырзабосынов World Boxing басшылығымен кездесті

Туризм және спорт министрі Қазақстан бокс федерациясының президентімен бірлесіп, халықаралық World Boxing ұйымының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуге World Boxing ұйымының бас хатшысы Томми Рене Жозефин Дилен, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, сондай-ақ ұйым мен министрлік өкілдері қатысты.
Қонақтарды қарсы алған Ербол Мырзабосынов Қазақстан мен World Boxing ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, әлем чемпионатын өткізу отандық спорт үшін маңызды оқиға болатынын айтты.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев боксты еліміздің ұлттық спорт түрлерінің бірі ретіндегі ерекше рөлін бірнеше рет атап өтті. Астанада әлем чемпионатын өткізу отандық боксты дамыту, халықаралық спортта ынтымақтастықты нығайту және жастар арасында спортты насихаттау жолындағы маңызды қадам болады», — деді министр.
Кездесу барысында тараптар 2027 жылғы бокстан әлем чемпионатына дайындық, ұйымдастыру инфрақұрылымы, спорт нысандарының дайындығы және Қазақстан мен World Boxing арасындағы алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
World Boxing өкілдері әлем біріншілігіне дайындық жоспарымен танысып, Қазақстандағы халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Еске салайық, 2027 жылдың сәуір айында Астана қаласында World Boxing ұйымының аясында бокстан әлем чемпионаты өтеді.