Еркебұлан Тоқтар мен Артём Тарасов Алматыда жекпе-жек өткізеді

Фото: instagram.com/erkebulan_toktar
Қазақстандық файтер әрі актер Еркебұлан Тоқтар IBA Nomad 15 турнирінде ресейлік Артём Тарасовқа қарсы жекпе-жек өткізеді.
Жартылай орта салмақтағы кездесу 4 шілде күні Алматыда өтеді.
Айта кетейік, Тоқтар бұған дейін Nomad лигасының октагонында екі рет өнер көрсеткен. 2022 жылы ол қазақстандық Анвар Икрамовты төрешілердің біріңғай шешімімен жеңді. Ал 2023 жылы ресейлік Фарид «Фару» Ядуллаевты нокаутқа түсіріп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
«Еркебұлан Тоқтар қарсы Артём Тарасов | жартылай орта салмақтағы жекпе-жек.
IBA NOMAD 15 турниріндегі шулы шайқастың түйіні ретінде файтерлер барлық сұраққа рингте жауап бермек.
Екі спортшы да көрермендерге әсерлі айқас пен нағыз шоу сыйлауға дайын», — делінген ресми постерде.
Еркебұлан Тоқтар соңғы жекпе-жегін 28 наурызда Еревандағы Hype Asia турнирінде өткізді. ММА қолғаптары арқылы бокс ережесімен өткен кездесуде Еркебұлан қырғызстандық Марсель Нурланбек уулуна төрешілердің біріңғай шешімімен есе жіберді.
Ал Артём Тарасов соңғы рет 6 мамырда NWPA промоушені ұйымдастырған турнирде октагонға шықты. Бұл жекпе-жекте ол отандасы Роман Ткачты бірінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңіп, мерзімінен бұрын сенімді жеңіске жетті.