Басты бет
·
Футбол

Еуропа, қарашы! «Қайраттың» 17 жастағы футболшысы Еуропада жоғары бағаланды

Дина Хамзина··
ҚФФ

ҚФФ

Қазақстандық шабуылшы Дәулет Орынбасар танымал футбол симуляторында әлеуеті ең жоғары ойыншылардың бірі ретінде танылды.

Алматылық «Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дәулет Орынбасар шетелдік FM Scout порталының нұсқасы бойынша Football Manager 27 футбол симуляторындағы жасырын таланттардың ондығына енді.

Kpl.kz мәліметінше, қазақстандық футболшы виртуалды футбол мансабында даму әлеуеті жоғары жас ойыншылар тізіміне қосылған.

Football Manager 27 ойынында Орынбасардың әлеуеті 91 баллға бағаланған. Бұл аталған тізімдегі шабуылшылар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Материал авторлары қазақстандық жас футболшының жасөспірімдер деңгейіндегі нәтижелілігіне де назар аударған. «Қайраттың» түлегі U18 командасы сапында 53 матч өткізіп, 65 гол соғып, 23 нәтижелі пас берген.

Сонымен қатар ойындағы шабуылшының трансферлік құны шамамен бір миллион фунт стерлингке бағаланған. Виртуалды нарықтағы салыстырмалы түрде төмен бағасы мен жоғары әлеуетінің арқасында Орынбасар симулятор қолданушыларына назар аударуға ұсынылған жас футболшылардың қатарына енді.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та қазақстандық шабуылшыға италиялық «Комо» клубының қызығушылық танытқаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда футболшының ықтимал трансферіне қатысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

Қазақстандық футболшыдан бөлек, Football Manager 27 ойынындағы болашағынан үміт күттіретін ондыққа Грузия, Уругвай, Аргентина, Жапония, Дания, Эквадор, АҚШ және басқа елдердің жас ойыншылары енген.