Ферстаппен кететіні туралы қауесетке нүкте қойды: төрт дүркін әлем чемпионы Red Bull-пен келісімшартын ұзартты

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Макс Ферстаппен өз болашағын тағы бірнеше маусымға Red Bull командасымен байланыстырды. 28 жастағы нидерландтық жүргізуші жаңа келісімшартқа қол қойды. Келісім 2030 жылдың соңына дейін күшінде болады.

Төрт дүркін әлем чемпионының бұған дейінгі келісімшарты 2028 жылға дейін есептелген және онда мерзімінен бұрын кету мүмкіндігі қарастырылған еді. Күрделі маусым мен Ферстаппеннің болашағына қатысты әңгімелер аясында осы тармақ жиі қауесетке себеп болған. Алайда енді жүргізуші командамен ынтымақтастығын жалғастыруды таңдады.

«Жаңа келісімшарт бойынша ортақ шешімге келгенімізге өте қуаныштымын. Командада ең мықты мамандар жиналған және мен олармен бірге қайтадан биік мақсаттар үшін күрескім келеді. Біздің мақсатымыз өзгерген жоқ. Red Bull-ға, Лоран Мекиске және команданың барлық қызметкеріне сенімдері үшін алғыс айтамын», – деді Ферстаппен.

Нидерландтық спортшы Red Bull сапында өткізген жылдары бұл команда оның өмірінде жай ғана жұмыс орны емес, одан әлдеқайда маңызды мекенге айналғанын атап өтті.

«Мен әрдайым бұл жерде өзімді үйдегідей сезінетінімді айтып келемін. Осы жүйеге келген кезде басты арманым жарыстарда жеңіске жету болатын. Нәтижесінде біз көптеген керемет сәттерді бастан өткеріп, бірге төрт чемпиондық атақты жеңіп алдық. Мансабымның басым бөлігімен байланысты командамен осы жолды жалғастыру мүмкіндігі мен үшін ерекше», – деді пилот.

Ферстаппеннің Red Bull жүйесіндегі жолы 2014 жылы басталды. Келесі маусымда ол Toro Rosso сапында «Формула-1»-дегі дебютін жасап, Гран-при тарихындағы ең жас қатысушы атанды. Ол кезде Ферстаппен 17 жаста 166 күндік еді. 2016 жылы ол Даниил Квяттың орнын басып, Red Bull негізгі командасына ауысты.

Ферстаппеннің басты жетістіктері кейін келді. 2021 жылдан 2024 жылға дейін ол төрт маусым қатарынан әлем чемпионы атанды. Мансабында нидерландтық жүргізуші 71 рет жеңіске жетіп, 131 мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Сонымен қатар, көктемде Ферстаппен «Формула-1»-ден мерзімінен бұрын кетуі мүмкін екенін жоққа шығармаған еді. Ол жарыстардан бұрынғыдай ләззат алмай жүргенін айтып, чемпионаттың жаңа ережелері мен болидтің жұмысына сын білдірген.

Қазіргі маусым Red Bull үшін оңай өтіп жатқан жоқ. Команда Конструкторлар кубогында төртінші орында тұр. Ал Ферстаппен жеке есепте алтыншы орында келеді және көш бастап тұрған Mercedes жүргізушісі Андреа Кими Антонеллиден 110 ұпайға қалып қойған.

Маусымның келесі кезеңі 23 тамызда Зандвортта өтеді. Ферстаппен үшін өз еліндегі Гран-при Red Bull-пен ұзақмерзімді жаңа келісімшарт жарияланғаннан кейінгі алғашқы жарыс болмақ.