ФИФА әлем чемпионатынан кейін жаңартылған рейтингті жариялады: Қазақстан құрамасының орны өзгерген жоқ

Фото: ҚФФ
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2026 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша ұлттық құрамалардың жаңартылған рейтингін жариялады.
Жаңартылған тізімде Қазақстан құрамасының орны өзгерген жоқ. Ұлттық команда бұрынғысынша әлемдік рейтингте 111-орында тұр.
Қазіргі таңда Қазақстанның еншісінде 1180,78 рейтингтік ұпай бар. Маусым айында Венгрияға қарсы жолдастық кездесуде 1:3 есебімен жеңілгеннен кейін команда 2,26 ұпайдан айырылғанымен, бұл рейтингтегі орнына әсер еткен жоқ.
2026 жыл Қазақстан құрамасы үшін әртүрлі нәтижелермен өрбіді. Наурыз айында ұлттық құрама FIFA Series 2026 халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетіп, Намибияны 2:0, кейін Комор аралдарын 1:0 есебімен жеңді.
Жаз мезгілінде Қазақстан құрамасы тағы екі жолдастық матч өткізді. Алдымен Армениямен 1:1 есебімен тең түссе, кейін Венгриядан 1:3 есебімен жеңілді.