«Формула-1» фильмінің жұлдызы қайтадан алкоголь іше бастағанын айтты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: x_@tori10__

Фото: x_@tori10__

Америкалық актер, «Формула-1» фильмінің жұлдызы Брэд Питт жеті жыл бойы алкогольден толық бас тартқаннан кейін қайтадан спирттік ішімдік іше бастағанын айтты.

62 жастағы актер бұл туралы Esquire журналына берген сұхбатында мәлімдеді. Питттің айтуынша, қазір ол алкогольді ішеді, алайда оның мөлшерін қатаң бақылауға тырысады.

«Мен жеті жыл бойы ішімдік ішпедім. Кейін қайтадан іше бастадым, бірақ қазір оны барынша шектеуге тырысамын. Бірнеше рет өз мүмкіндігімді асыра бағалап, “жоқ, бұл маған жарамайды” деген ойға келдім. Әсіресе көп мөлшерде ішуге болмайды. Бірнеше бокал іше аламын, бірақ көп ішуге өзіме рұқсат бере алмаймын. Сондықтан бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауыма тура келеді», – деді Питт.

Бұған дейін Питт алкогольге байланысты мәселелері туралы бірнеше рет айтқан. 2016 жылы Анджелина Джолимен айырылысқаннан кейін ол 12 қадамдық бағдарламаға қосылып, алкогольден толықтай бас тартқан. Актер өз мәселелері туралы ашық айтуға бағдарламадағы басқа қатысушылармен араласу көмектескенін атап өткен.

2020 жылы Питт Брэдли Куперге қолдауы үшін көпшілік алдында алғыс білдірген. Бұл Купер оған «Бір кездері… Голливудта» фильміндегі рөлі үшін марапат табыстаған National Board of Review Awards рәсімінде болған.

Еске салайық, 2025 жылы Питт «Формула-1» спорттық драмасында басты рөлді сомдап, Сонни Хейс есімді жарыс жүргізушісінің образын сомдады. Енді актер Квентин Тарантиноның «Бір кездері… Голливудта» фильміндегі Клифф Бут кейіпкерінің рөліне қайта оралуға дайындалып жатыр.

Жаңа фильм «Клифф Буттың оқиғалары» деп аталады. Сценарийін Тарантино жазса, режиссері – Дэвид Финчер. Фильм әлемдік прокатқа 25 қарашада шығады.

«Формула-1» фильмінің жұлдызы қайтадан алкоголь іше бастағанын айтты – sport-hub