Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Ғайнуллин әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде жеңіліп, жарысты аяқтады

Али Асетов··
ҚДФ

ҚДФ

Қазақстандық дзюдошы Ансарбек Ғайнуллин дзюдодан 2026 жылғы Баку әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуінде жеңіліп, жарысты аяқтады.

73 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақстандық спортшы Франция өкілі Дайян Боуелмтафспен кездесті. Жеңімпаз тек қосымша уақытта анықталды.

Негізгі уақыт аяқталған кезде есеп ашылмады. Осыдан кейін дзюдошылар golden score кезеңінде белдесуді жалғастырды. Сол уақытқа дейін Ғайнуллин екі рет төрешіден ескерту алған еді.

Қосымша уақытта қазақстандық спортшы тағы бір шидо алды. Үшінші ескерту шешуші болып, Ғайнуллин жарыстан шеттетілді. Осылайша, жеңіс француз дзюдошысына бұйырды.

Бакудегі кездесу спортшылардың осы маусымдағы екінші кездесуі болды. Бұған дейін олар маусым айында Ұланбатырда өткен Grand Slam турнирінде жолыққан. Ол кезде де Боуелмтафс жеңіске жетіп, Ғайнуллинді екінші айналымда жарыстан шығарған.

Осылайша, француз дзюдошысы осы маусымдағы өзара кездесулерде қазақстандық спортшыдан 2:0 есебімен алда келеді.