Гвардиола араға он жыл салып «Манчестер Ситиден» кетеді

Темирлан Мажекенов ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Испаниялық маман Хосеп Гвардиола қазіргі маусым аяқталғаннан кейін «Манчестер Сити» клубының бас бапкері қызметінен кетеді. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

Гвардиола «Ситиді» 2016 жылдан бері жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен «қалалықтар» алты рет Англия чемпионы атанды, бес мәрте Англия лигасы кубогын жеңіп алды, үш реттен Англия кубогы мен Суперкубогын иеленді. Сондай-ақ клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасын, клубтар арасындағы әлем чемпионатын және УЕФА Суперкубогын ұтты.

«Біз бірге қандай керемет уақыт өткіздік! Неге кетіп жатқанымды сұрамаңыздар. Белгілі бір себеп жоқ, бірақ ішкі түйсігімнен уақытым келгенін сеземін. Ештеңе мәңгі емес, егер солай болғанда, мен қалар едім. Мәңгі қалатыны — сезімдер, адамдар, естеліктер және менің “Манчестер Ситиге” деген махаббатым.

Ханымдар мен мырзалар, маған сенгендеріңіз үшін рақмет. Мені алға жетелегендеріңіз үшін рақмет. Мені жақсы көргендеріңіз үшін рақмет. Баршаңызды жақсы көремін», — деп таратады Гвардиоланың сөзін клубтың баспасөз қызметі.

«Манчестер Сити» маусымды жексенбі күні АПЛ-дың 38-туры аясындағы «Астон Виллаға» қарсы үйдегі ойынмен аяқтайды.

Бұған дейін Гвардиола «Барселона» мен «Баварияның» да бас бапкері болған.