Ига Швёнтек камбэк жасап, Бейжіңдегі турнирдің 1/8 финалына шықты

Фото: Jimmie48
Польшалық теннисші Ига Швёнтек Донна Векичпен кездесуде жеңіліп жатып, камбэк жасап, Бейжіңде өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің 1/8 финалына жолдама алды.
Швёнтек алғашқы партияда жеңіліп, екінші сетте де қиын жағдайға тап болды. Ол есеп 2:5 болған кезде таразы басын өз пайдасына аудара алды. Польшалық теннисші есепті тай-брейкке жеткізіп, оны 7:0 есебімен ұтты. Шешуші сетте әлемнің тоғызыншы ракеткасы басымдығын сақтап, 4:6, 7:6 (7:0), 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу 2 сағат 41 минутқа созылды. Швёнтек екі эйс жасап, бір рет қосарланған қателік жіберді және 13 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Бұл оның Векичпен бесінші кездесудегі бесінші жеңісі болды. Осы матчқа дейін польшалық теннисші жеке кездесулерде 4:0 есебімен алда тұрған еді.
Швёнтек турнирді қытайлық Гао Синьюйді 6:2, 6:3 есебімен жеңуден бастады. Польшалық теннисші China Open турнирінде 2023 жылы жеңімпаз атанған. Ал биыл тамыз айында Торонто қаласында өткен WTA-1000 турнирінің финалында Елена Рыбакинаны жеңіп, чемпиондық атаққа ие болды.
1/8 финалда Швёнтек америкалық Ива Йович пен Өзбекстан өкілі Камилла Рахимова арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.