Инфантиноның жылдық жалақысы 30 миллион долларға жетуі мүмкін болған

Фото: RFI
FIFA президенті Джанни Инфантино өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін жаңадан құрылуы жоспарланған FIFA Forward Enterprise ұйымының комиссары қызметіне келуді көздеген. Бұл туралы The Times басылымының журналисі Мартин Зиглер мәлімдеді.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Инфантиноның негізгі жылдық жалақысы 30 миллион долларды құрауы тиіс болған. Бұған қоса түрлі сыйақылар да қарастырылған. Ал FIFA Forward Enterprise құрылымына әлем чемпионаты секілді ірі турнирлердің коммерциялық құқықтарын беру және оның белгілі бір үлесін жеке инвесторларға сату жоспарланған еді.
Алайда бұл бастама футбол қауымдастығының қатаң қарсылығына тап болды. УЕФА, Азия футбол конфедерациясы (AFC) және КОНКАКАФ ұсынылған реформаларды қолдамай, тіпті олар қабылданған жағдайда FIFA ұйымдастыратын жарыстарға бойкот жариялау мүмкіндігін де көтерді. Нәтижесінде жоба тоқтатылды.
Бұған дейін The Times Инфантино әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға сатуды жоспарлағанын жазған болатын. Басылымның мәліметінше, жаңа құрылым FIFA өткізетін ерлер және әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарын, сондай-ақ клубтар арасындағы әлем чемпионатын коммерциялық тұрғыдан басқаруы тиіс болған. Сонымен қатар жоба бойынша АҚШ президенті Дональд Трамптың айналасындағы тұлғалармен байланысы бар кеңесшілермен консультациялар жүргізілгені айтылды.