«Интер» Чемпиондар лигасында «Штутгартты» екі доп айырмашылығымен жеңді

Фото: ФК «Интер»
Италиялық «Интер» УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/2027 жылғы маусымындағы жалпы кезеңнің бесінші турында Германияның «Штутгарт» клубын 2:0 есебімен жеңді.
Милан (Италия). УЕФА Чемпиондар лигасы. Жалпы кезең. 5-тур.
«Интер» – «Штутгарт» – 2:0
Голдар: Сучич (57, пенальти), Мартинес (74).
Кездесу Миландағы «Сан-Сиро» стадионында өтті.
Ойынның басында «Штутгарт» жартылай қорғаушысы Крис Фюрих қауіпті соққы жасағанымен, алаң иелерінің қақпашысы Хосеп Мартинес командасын голдан құтқарып қалды.
Кейін «Интер» ойын тізгінін өз қолына алып, 57-минутта есеп ашты. Федерико Димарконың пасынан кейін доп қонақтардың қорғаушысы Йоша Вагноманның қолына тиді. VAR жүйесі арқылы эпизодты қайта қараған төреші пенальти белгіледі.
Он бір метрлік айып добын Петар Сучич дәл орындап, италиялық клубты алға шығарды.
«Штутгарт» есепті теңестіруге тырысқанымен, 74-минутта екінші голды жіберіп алды.
Қосалқы құрамнан алаңға шыққан Лаутаро Мартинес Димарконың пасынан кейін жылдам қарсы шабуылды сәтті аяқтап, матчтың қорытынды есебін орнатты.
Бес турдың қорытындысы бойынша «Интер» тоғыз ұпай жинап, Чемпиондар лигасының жалпы турнирлік кестесінде 12-орында тұр. Ал жеті ұпайы бар «Штутгарт» 17-сатыға жайғасқан.
Келесі турда екі команда да 10 желтоқсанда алаңға шығады. «Интер» сырт алаңда Дортмундтың «Боруссиясымен» кездессе, «Штутгарт» өз стадионында Францияның «Лилль» клубын қабылдайды.