Ирландиялық боксшы Ли Ривз үш айдан астам комада жатып көз жұмды

Ирландиялық боксшы Ли Ривз жекпе-жек кезінде алған ауыр бас-ми жарақатынан кейін үш жарым ай жасанды комада жатып, 31 жасында қайтыс болды.
The Ring басылымының хабарлауынша, спортшы 16 қарашада Ирландияның Лимерик қаласындағы ауруханада көз жұмған. Оның өліміне жарақаттан кейінгі емделу кезеңінде пайда болған инфекция себеп болған.
Ривз 1 тамызда Дублинде өткен бокс кешінде ауыр жарақат алған еді. Ол бірінші жартылай орта салмақта BUI Celtic чемпиондық белбеуі үшін отандасы Гэри Каллимен жұдырықтасты.
Жекпе-жектің оныншы раундында Ривз екі рет нокдаунға түсіп, кейін есінен танып қалған.
Осыдан кейін боксшыны рингтен зембілмен алып шығып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізген.
Дәрігерлер оның миына шұғыл операция жасап, жасанды комаға түсірді.
Кейінгі айларда спортшының денсаулығында оң өзгерістер байқалғанымен, емделу барысында пайда болған инфекция оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермеді.
Ирландиялық боксшының мүддесін қорғаған Queensberry промоутерлік компаниясы оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Ұйымның негізін қалаушы Фрэнк Уоррен де Ли Ривздің қазасына қатты қайғырғанын жеткізді.
Айта кетейік, Ривз кәсіпқой бокстағы мансабын 2018 жылдың қараша айында бастаған.
Осы уақыт аралығында ол 18 жекпе-жек өткізіп, 16 жеңіске жеткен. Оның 11-ін нокаутпен аяқтап, екі рет жеңіліс тапқан.
Кәсіпқой боксқа ауысқанға дейін Ли Ривз әуесқойлар арасында Ирландияның бес дүркін чемпионы атанған болатын.