Испания 16 жылдан кейін қайтадан әлем чемпионы атанды

ФИФА
Испания құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалында Аргентинаны 1:0 есебімен жеңіп, 16 жылдан кейін қайтадан әлем чемпионы атанды. Осылайша, испандар өз тарихында екінші мәрте әлемдік додада топ жарды.
Кездесудің алғашқы таймында екі команда да аса сақ ойын көрсетті. Испания шабуылды жиілеткенімен, Аргентина қорғаныста сенімді өнер көрсетті. Ламин Ямаль есеп ашуға мүмкіндік алғанымен, оның соққысын қақпашы қайтарды. Үзіліске дейін Микель Оярсабаль мен Марк Кукурелья да қақпаға қауіп төндірді. Оярсабальдың добын Эмилиано Мартинес тоқтатса, Кукурельяның соққысы қақпа бағанының жанынан өтті. Ал Аргентина бірінші таймда қауіпті шабуыл ұйымдастыра алмады.
Екінші таймда Испания құрамасы қарсылас қақпасына сегіз дәл соққы бағыттады. Алайда аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес бірнеше мәрте командасын голдан құтқарып, жоғары деңгейдегі ойын көрсетті.
Қосымша уақыттың алдында Аргентина он ойыншымен қалды. Энцо Фернандес Пау Кубарсимен болған қақтығыстан кейін екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды.
Матч тағдыры қосымша уақытта шешілді. Кездесудің 106-минутында қосалқы құрамнан шыққан Ферран Торрес жеңіс голын соғып, Испанияға әлем чемпионатының алтын жүлдесін сыйлады.
Финал АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы «МетЛайф» стадионында өтті. Кездесуге словениялық төреші Славко Винчич қазылық етті.
Осылайша, Испания 2026 жылғы әлем чемпионы атанса, Аргентина күміс жүлдені иеленді. Ал турнирдің қола жүлдесі Англия құрамасына бұйырды.
Айта кетейік, Испания бұған дейін әлем чемпионатын 2010 жылы жеңіп алған еді. Ал Аргентина әлем біріншілігінде үш мәрте (1978, 1986 және 2022 жылдары) чемпион атанған.
Финалға дейін Испания H тобында бірінші орын алып, плей-офф кезеңінде Аустрияны (3:0), Португалияны (1:0), Бельгияны (2:1) және Францияны (2:0) жеңді. Ал Аргентина J тобында топ жарып, Кабо-Вердені (3:2), Мысырды (3:2), Швейцарияны (3:1) және Англияны (2:1) жеңіп, финалға дейін жеткен болатын.