Испания Бразилияны ойсырата жеңіп, футзалдан алғаш рет Финалиссима чемпионы атанды

Фото: UEFA Futsal
Футзалдан Испания құрамасы Финалиссима-2026 турнирінің жеңімпазы атанды. Испаниялықтар финалда қазіргі әлем чемпионы Бразилияны өз алаңында 3:0 есебімен жеңді.
Шешуші кездесу 8 қарашада Рио-де-Жанейро маңындағы «Нитерой» аренасында өтті.
Матчтың алғашқы минуттарынан бастап алаң иелері басымдықты өз қолына алуға тырысты. Бразилиялықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Әсіресе Пито белсенді ойнады. Алайда Испания қақпашылары сенімді өнер көрсетіп, қарсыластың есеп ашуына мүмкіндік бермеді.
Бірінші таймда командалар гол соға алмады.
Үзілістен кейін Испания құрамасы шабуылдарын күшейтіп, қарсылас қорғанысынан жиі саңылау таба бастады.
32-минутта Антонио Перестің пасынан кейін Гон Кастехон жылдам қарсы шабуылды нәтижелі аяқтап, есеп ашты.
Жіберілген голдан кейін Бразилия құрамасы шабуылға көбірек көңіл бөлді. Алаң иелері қақпашысын бесінші алаң ойыншысына алмастырғанымен, бұл шешім нәтиже бермеді.
39-минутта Сесилио Моралес қарсыластың қателігін пайдаланып, допты бос қақпаға бағыттады.
Кездесудің соңғы минутында Бразилия есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Алайда Диего пенальтиден соққан добын қақпа маңдайшасына тигізді.
Көп ұзамай Антонио Перес алыстан бос қақпаны дәл көздеп, матчтың қорытынды есебін белгіледі.
Футзалдан Финалиссима-2026. Финал
Бразилия – Испания – 0:3 (0:0)
Голдар: Гон Кастехон, 32 (0:1), Сесилио Моралес, 39 (0:2), Антонио Перес, 40 (0:3).
Соғылмаған пенальти: Диего (Бразилия), 40-минут.
Осылайша Испания құрамасы Бразилияны сырт алаңда жеңіп, тарихында алғаш рет футзалдан Финалиссима чемпионы атанды.