Испаниямен матчтан кейін Кабо-Верде қақпашысының аудиториясы 44 есе өсті

Фото: Getty Images
Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Жозимар Возинья 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында Испанияға қарсы сенсациялық ойыннан кейін әлеуметтік желілерде үлкен танымалдыққа ие болды.
H тобының бірінші турындағы кездесу күтпеген жерден 0:0 есебімен аяқталды. Африкалық құраманың 40 жастағы қақпашысы матчтың басты қаһармандарының бірі болды. Ол толық 90 минут ойнап, қақпасына гол жібермей, жеті бірдей сейв жасады.
Возиньяның әсерлі ойыны әлем жанкүйерлерінің назарын бірден аударды. Матч басталар алдында оның әлеуметтік желідегі парақшасына шамамен 45 мың адам жазылған болса, финалдық ысқырықтан кейін небәрі екі сағат ішінде бұл көрсеткіш 2 миллионға жетті. Осылайша оның аудиториясы 44 есеге артты.
Айта кетейік, бұл сан Кабо-Верде халқының жалпы санынан да көп: 2026 жылдың ортасындағы дерек бойынша елде шамамен 529,5 мың адам тұрады.
Возинья матчтың үздік ойыншысы атанды. Кабо-Верде құрамасы топтық кезеңде әлі екі ойын өткізеді. 22 маусым күні Уругвайға қарсы, ал 27 маусымда Сауд Арабиясына қарсы ойнайды.
