Канада құрамасы хоккейден әлем чемпионатында Словакияны жеңді

Фото: Getty Images
Канада құрамасы хоккейден 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Словакиядан басым түсті.
Кездесу Фрибур қаласындағы «БСФ-Аренада» өтіп, 5:1 есебімен аяқталды.
Матчтағы алғашқы шайбаны 15-минутта Сидни Кросби мен Маклин Селебринидің пастарынан кейін Дилан Козенс соқты. Екінші кезеңде Кристиан Поспишил есепті теңестірді. Үшінші кезеңде Канада құрамасы қатарынан төрт шайба соқты. Гол авторлары — Габриэль Виларди, Джон Таварес, Райан О'Райлли және Маклин Селебрини.
Осы матчтан кейін Канада 17 ұпаймен В тобында бірінші орынға көтерілді. Ал Словакия 11 ұпаймен үшінші орында келеді. Бұл топта Чехия, Норвегия, Швеция, Словения, Дания және Италия құрамалары да өнер көрсетуде.
Әлем чемпионаты 15-31 мамыр аралығында Швейцарияның Цюрих және Фрибур қалаларында өтіп жатыр. Әр топтан үздік төрт құрама плей-офф кезеңіне шығады.