Кәрімовтың голы «Астанаға» Конференциялар лигасындағы алғашқы жеңісті сыйлады

Али Асетов··
«Астана» ФК

«Астана» ФК

«Астана» Еурокубоктағы жорығын сәтті бастап, Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта сырт алаңда Албанияның «Динамо Сити» клубын жеңді.

Кездесу «Эльбасан Арена» стадионында өтті. Матчтың бас төрешісі словакиялық Лукаш Дзивяк болды.

Алғашқы 45 минутта қос команда тең дәрежеде ойын көрсетті. Екі ұжым да қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, қақпашылар Альдо Текия мен Йосип Чондрич сенімді ойнап, үзіліске дейін есептің өзгеруіне жол берген жоқ.

Екінші таймда ойын өрнегі айтарлықтай өзгермеді. Дегенмен өз мүмкіндігін тиімді пайдаланған қазақстандық клуб болды. 69-минутта Марин Томасовтың нәтижелі пасынан кейін Рамазан Кәрімов гол соғып, «Астанаға» 1:0 есебімен жеңіс сыйлады.

Конференциялар лигасы. Бірінші іріктеу кезеңі

«Динамо Сити» (Албания) – «Астана» (Қазақстан) – 0:1 (0:0)

Гол: Кәрімов, 69 (0:1).

Қарымта кездесу 16 шілде күні Қазақстан астанасында өтеді. Сол ойында келесі іріктеу кезеңіне жолдама алған команда анықталады.

Айта кетейік, Конференциялар лигасындағы Қазақстанның тағы бір өкілі – «Елімай» алғашқы матчта сырт алаңда Арменияның «Алашкерт» клубымен 1:1 есебімен тең түсті.