Карвахальдің «Хетафеге» ауысуына Ла Лига кедергі болды

«Реал Мадрид» ФК
«Реалдың» бұрынғы капитаны Дани Карвахаль әзірге «Хетафе» ойыншысы атанбайды. Тараптар келісімшарт жасауға жақын болғанымен, трансфер Ла Лиганың қаржылық бақылауынан өтпеді.
Cadena SER мәліметінше, «Хетафе» мен Карвахаль ынтымақтастықтың негізгі шарттарын келісіп, футболшы медициналық тексеруден де өткен. Алайда келісімге үш сарапшыдан тұратын тәуелсіз комиссияның бағалауы кедергі келтірген. Комиссия келісімшарт талаптарының нарықтық жағдайға және клубтың шығын лимитіне сәйкестігін тексереді.
Бағалау кезінде футболшының жалақысы, жасы, бұрынғы клубы, бұрынғы табысы және басқа да қаржылық көрсеткіштері ескеріледі. «Хетафенің» ойыншылар құрамына жұмсай алатын қаржы лимиті шамамен 57 миллион еуроны құрайды. Келіссөз барысында Карвахальдің жылдық жалақысы 400 мың еуро шамасында болуы мүмкін екені айтылған. Ал «Реалда» қорғаушы жылына шамамен 10 миллион еуро алған. Жалақыдағы елеулі айырмашылық комиссияның келісім шарттарына қатысты сұрақтар қоюына себеп болған.
34 жастағы Карвахаль биыл жазда «Реалмен» келісімшарты аяқталғаннан кейін клубсыз қалды. Ол мадридтік команданың негізгі құрамында 451 матч өткізіп, 27 жүлде жеңіп алды. Олардың қатарында Чемпиондар лигасының алты кубогы, Ла Лиганың төрт чемпиондық атағы және Испания кубогының екі жүлдесі бар.
«Хетафе» Ла Лиганың алғашқы жеті турында сегіз ұпай жинап, турнир кестесінде 11-орында тұр. Команда екі рет жеңіске жетіп, екі кездесуде тең түсіп, үш рет жеңілген. Келесі ойынын клуб 10 қазанда сырт алаңда «Барселонаға» қарсы өткізеді.