Кенжебек «Ахматқа» Ресей кубогында «Факелді» жеңуге көмектесті

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

«Ахмат» Ресей кубогының Премьер-лига жолындағы топтық кезеңіндегі екінші матчын сәтті өткізді. Грозныйлық клуб өз алаңында Воронеждің «Факелін» 2:1 есебімен жеңді.

Матч басталған сәттен-ақ алаң иелерінің пайдасына өрбіді. Бірінші минутта Георгий Мелкадзе дер кезінде гол соғып, «Ахматты» алға шығарды.

Бірінші таймның ортасында шешенстандық клуб басымдығын одан әрі арттырды. 31-минутта Эгаш Касинтура «Факелдің» қақпасын дәл көздеп, есепті 2:0-ге жеткізді. Үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ.

Екінші таймда воронеждік команда белсендірек ойнап, матчқа қайта оралуға тырысты. Қонақтардың әрекеті нәтижесін тек қосымша уақытта берді. 90+5-минутта Белайди Пуси бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда «Факелдің» есепті теңестіруге уақыты жетпеді.

Ресей кубогы, топтық кезең

«Ахмат» — «Факел» — 2:1

Голдар: 1' Мелкадзе, 31' Касинтура, 90+5' Пуси.

Жеңімпаздар сапында қазақстандық жартылай қорғаушы Ғалымжан Кенжебек алғашқы минуттан алаңға шықты. Ол бір сағаттан астам уақыт ойнап, 61-минутта Лечи Садулаевпен алмастырылды. Қазақстанның тағы бір өкілі, «Ахмат» сапында өнер көрсететін Максим Самородов бұл матчқа өтінімге енген жоқ.

Кенжебек үшін бұл Грозный клубының жейдесіндегі осы маусымдағы екінші матчы болды. Әзірге оның статистикасында гол да, нәтижелі пас та жоқ.

«Факелді» жеңу «Ахмат» үшін Ресей кубогының қазіргі топтық кезеңіндегі алғашқы жеңіс болды. Турнирдегі алғашқы ойында грозныйлықтар негізгі уақытта «Краснодармен» 1:1 есебімен тең түскен. Одан кейін матч тағдыры пенальти сериясында шешіліп, онда «Краснодар» жеңіске жетті.

Осылайша, «Ахмат» Ресей кубогының Премьер-лига жолындағы В тобынан шығу үшін күресін жалғастырады.