Басты бет
·
Бокс

Хамза Шираз Әлімханұлымен жекпе-жек алдында қашан оралатынын айтты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@DailyAFC

Фото: x_@DailyAFC

Екінші орта салмақтағы WBO әлем чемпионы Хамза Шираз келесі жекпе-жегін қарашаның соңында немесе желтоқсанның басында өткізуді жоспарлап отыр.

Британиялық боксшы оң қолына жасалған операциядан кейін қалпына келуін жалғастырып жатыр.

«Жақында ораламын деп үміттенемін. Қазір қолыма жасалған операциядан кейін қалпына келіп жатырмын. Қарашаның соңында немесе желтоқсанның басында орала аламын деп ойлаймын», – деді Шираз журналистермен әңгімесінде.

Еске салайық, Шираз шілдеде Симон Цахенхубермен жекпе-жек кезінде қолын жарақаттап алған. Соған қарамастан ол 12 раундтың барлығын өткізіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Британиялық боксшының айтуынша, жарақатты қарсыласының басының жоғарғы бөлігіне соққы жасаған екінші немесе үшінші раундта алған. Жекпе-жектен кейін чемпионға ота жасалды.

Тамыз айында WBO Ширазға титулын Әлімханұлына қарсы қорғауды міндеттеді. Боксшылардың командалары жекпе-жек шарттары бойынша келісімге келе алмағандықтан, ұйым промоутерлік сауда өткізуді белгіледі.

Айта кетейік, 2024 жылы жағдай керісінше болған. Ол кезде Әлімханұлы орта салмақтағы WBO белбеуінің иегері болса, Шираз міндетті үміткер атанды. Алайда британдық боксшы промоутерлік саудаға қатысудан бас тартып, жекпе-жек өтпей қалған.