Холандтың дублі Норвегияны ширек финалға шығарды

Фото: ФИФА
Норвегия құрамасы Эрлинг Холандтың дублінің арқасында Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына шықты.
Матчтың бірінші жартысы екі команда үшін де қауіпті сәттерге толы болды. 4-минутта Норвегия есеп ашқандай болғанымен, Патрик Бергтің голы офсайдқа байланысты есепке алынбады. Ал 14-минутта «селесао» алға шығуға мүмкіндік алды, алайда VAR қарағаннан кейін белгіленген пенальтиді Бруно Гимарайнс жүзеге асыра алмады. Норвегия қақпашысы Эрьян Нюланд допты қайтарды. (Гимарайнс 1986 жылдан бері әлем чемпионаты матчында пенальтиді мүлт жіберген алғашқы бразилиялық ойыншы атанды, матчтан кейінгі серияларды есептемегенде.)
79-минутта Норвегия шабуылшысы Эрлинг Холанд өз командасын алға шығарды. 90-минутта ол айып алаңы сыртынан дәл соққы жасап, дубль авторы атанып, матч тағдырын шешті. Бразилия тек 90+10 минутта жұбаныш голын соқты, ойын соңында алаңға шыққан Неймар пенальтиді дәл орындады.
Кездесу АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы «Мидоулэндс» стадионында өтті. Матчтың бас төрешісі америкалық Исмаил Эльфат болды.
Осылайша, Бразилия турнирден шығып қалды, ал Норвегия құрамасы ширек финалда Мексика мен Англия жұбының жеңімпазымен кездеседі. Олардың 1/8 финалдағы ойыны 6 шілдеде өтеді.