Килиан Мбаппе әлем чемпионаттарының тарихына енді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: FFF

Фото: FFF

Килиан Мбаппе 2026 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Марокко қақпасына гол соғып, Франция құрамасының жартылай финалға шығуына көмектесті.

Осы голдың арқасында француз шабуылшысы биылғы мундиальдағы гол санын сегізге жеткізіп, әлем чемпионаттары тарихында екі бірдей турнирде сегіз голдан соққан алғашқы футболшы атанды. Қазір Мбаппенің әлем чемпионаттарындағы жалпы гол саны 20-ға жетті.

Бұған дейін ол 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында да сегіз мәрте мергендігімен көзге түскен еді. Сол кезде Франция құрамасы финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде Аргентинадан пенальтилер сериясында жеңілген болатын (3:3, пенальти – 2:4).

Енді Франция құрамасы жартылай финалда Испания – Бельгия жұбының жеңімпазымен кездеседі. Матч 11 шілде күні Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады.

Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.

Килиан Мбаппе әлем чемпионаттарының тарихына енді – sport-hub