Конор Макгрегор UFC-дегі соңғы жекпе-жегінен кейін де мансабын жалғастырмақ

Фото: Getty Images
UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы Конор Макгрегор ұйыммен келісімшарты аяқталғаннан кейін де жекпе-жектерін жалғастыруды жоспарлап отыр.
38 жастағы ирландиялық спортшы қолданыстағы келісімшарт аясындағы соңғы жекпе-жегін келесі жылы өткізуді көздейді. Алайда мансабын аяқтауға ниетті емес. Керісінше, өзі тең иелерінің бірі саналатын BKFC промоушенінде жалаң жұдырықпен өтетін жекпе-жектерге дебют жасауды жоспарлап отыр.
«Мұндай мүмкіндіктің ықтималдығы өте жоғары. UFC-дегі келісімшартым бойынша соңғы жекпе-жегімнен кейін октагонда қолғапты шешемін. Бірақ бұл мансабымды аяқтау үшін емес, жалаң жұдырықпен өтетін жекпе-жегімді жариялау үшін болады. Тіс пен мұрынды емдетуге болады», – деді Макгрегор Hype Italy турнирінде берген сұхбатында.
Бұған дейін ирландиялық файтер жалаң жұдырықпен өтетін жекпе-жектерге қызығушылық танытып, BKFC турнирлерін бірнеше рет жарнамалаған.
«Маған жалаң жұдырықпен өтетін жекпе-жектер шынымен ұнайды. Меніңше, мұндай кездесулер ешқашан қызықсыз болмайды. ММА – керемет спорт, онымен бәсекелесу қиын. Дегенмен жалаң жұдырықпен жұдырықтасу өте тартысты әрі үлкен батылдықты талап етеді. Өзімнің алғашқы жекпе-жегімді асыға күтіп жүрмін», – деп қосты ирландиялық.
Еске салайық, 2026 жылдың шілдесінде Конор Макгрегор бес жылдық үзілістен кейін октагонға оралған еді. UFC 329 турнирінде ол Макс Холлоуэйден техникалық нокаутпен жеңіліп, жарақат алған болатын.