Конор Макгрегордың тыйым салынған заттар қолданғаны туралы ақпарат тарады

Фото: UFC
Бұрынғы UFC чемпионы, ирландиялық Конор Макгрегор жарақаттан кейін қалпына келу кезеңінде төзімділікті арттыратын тыйым салынған препараттарды қолданған болуы мүмкін деген ақпарат пайда болды. Бұл туралы The New York Times хабарлады.
Мәліметке сәйкес, Макгрегор бұл препараттарды дәрігер Нил Эл-Аттрачтың қолдауымен пайдаланған. Ол сонымен қатар Los Angeles Dodgers командасының да дәрігері болып табылады.
Кейіннен ирландиялық спортшы антидопингтік комиссияның назарынан тыс қалуға тырысқаны айтылады. Ол бұл препараттарды қолдануға медициналық рұқсат алуға да әрекет жасаған, алайда ол мақұлданбаған.
Бұл жағдай 2024 жылы USADA мен UFC арасындағы серіктестіктің тоқтатылуына әсер еткен факторлардың бірі ретінде аталады.
Айта кетейік, Макгрегор соңғы рет 2021 жылдың шілдесінде октагонға шығып, америкалық Дастин Порье-ге қарсы жекпе-жекте ауыр жарақат алған болатын. Оның еншісінде 22 жеңіс, 6 жеңіліс бар.