Басты бет
·
Футбол

«Ковентри» АПЛ-де «Ньюкаслды» ірі есеппен жеңді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ФК «Ковентри»

Фото: ФК «Ковентри»

«Ковентри Сити» Англия Премьер-лигасының алтыншы турындағы соңғы матчта өз алаңында «Ньюкаслды» 4:1 есебімен жеңді.

Алаң иелері алтыншы минутта есеп ашты. «Ньюкасл» қақпашысы Лукаш Горничек айып алаңында Сидики Шерифке қарсы ереже бұзды. Пенальтиді Джек Рудони сәтті орындады. Екінші таймның 48-минутында Шериф «Ковентридің» басымдығын арттырды.

Қонақтар 70-минутта Свен Ботманның алыстан соққан голының арқасында есеп айырмасын қысқартты. Алайда Фрэнк Лэмпардтың командасы матч соңында тағы екі гол соқты. 81-минутта Эллис Симмс қарсыластың қорғаныстан шығу кезіндегі қателігін пайдаланды. Ал бес минуттан кейін Стивен Мфуни қорытынды есепті белгіледі.

Бұл жеңіс «Ковентри» үшін 2001 жылдан бері Англия Премьер-лигасындағы өз алаңында тіркелген алғашқы жеңіс болды. Команда өткен маусымда Чемпионшипте жеңіске жетіп, Англияның жоғары дивизионына қайта оралған еді.

Алты турдан кейін алты ұпай жинаған «Ковентри» турнир кестесінде 14-орынға көтеріліп, төменгі лигаға түсіп қалу аймағынан шықты. Сегіз ұпайы бар «Ньюкасл» 11-сатыда тұр.

«Ковентри» чемпионаттағы қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін Лэмпардтың командасы сырт алаңда «Ноттингем Форестті» 1:0 есебімен жеңіп, маусым басындағы төрт матчтық жеңіліс сериясын тоқтатқан болатын.

Жетінші турда «Ньюкасл» 17 қазанда «Астон Вилланы» қабылдайды. Ал «Ковентри» 19 қазанда сырт алаңда «Тоттенхэммен» кездеседі.

«Ковентри» АПЛ-де «Ньюкаслды» ірі есеппен жеңді – sport-hub