Кравец «Барыстың» «Динамоны» қалай жеңгенін түсіндірді

«Барыс» ХК
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец ҚХЛ аясында Мәскеудің «Динамосына» қарсы өткен сырт алаңдағы матчты қорытындылады. Астаналық команда қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, сырт алаңдағы сериясын сәтті аяқтады.
Бапкер есеп айырмашылығы үш шайба болғанына қарамастан, кездесу қиын өткенін атап өтті. Оның айтуынша, команда сырт алаңдағы күрделі кезеңнен кейін ойынға шыққанымен, шоғырлануын сақтап, қарсыластың қысымына төтеп бере алды.
«Матч өте қиын болды, дегенмен есепке қарап, олай деп ойламауыңыз мүмкін. Бұл сырт алаңдағы төртінші ойынымыз еді, оған дейін жігіттер көп күш жұмсады. Бүгін команда мінез көрсетті, қақпашымыз да жақсы ойнады. Біз 41 соққыны бұғаттадық — бұл жеңіске жетуге көп көмектескен үлкен жұмыс. Өз мүмкіндіктерімізді де пайдалана алдық. Үшінші кезеңде «Динамо» қатты қысым жасады, бірақ біз сол қысымнан шығып, төтеп беріп, матчты жеңіспен аяқтадық. Жігіттерді сәтті өткен сырт алаңдағы сериямен құттықтап, жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтқым келеді», — деді Кравец.
Осы кездесуден кейін «Барыстың» қоржынында 10 ұпай болды.
Астаналық клуб сырт алаңдағы сапарын төрт матчта үш жеңіспен аяқтады. Алдымен команда «Ладаны» 6:0 есебімен ойсырата жеңді, кейін «Металлургтен» 0:3 есебімен жеңілді. Одан соң «Локомотивті» 5:0 есебімен қақпасына гол жібермей ұтып, Мәскеудің «Динамосын» 4:1 есебімен жеңді.
Төрт кездесуде «Барыс 15 шайба соғып, өз қақпасына небәрі төрт шайба жіберді. Жеті матчтан кейін Михаил Кравец шәкірттерінің еншісінде бес жеңіс бар. Команда Шығыс конференциясында үшінші орында тұр.
Астаналық клуб келесі матчын өз алаңында өткізеді. 25 қыркүйекте «Барыс» кестенің жоғарғы бөлігіне жақын орналасқан «Нефтехимикті» қабылдайды.