Кравец ҚХЛ-ның үздік сұрмергені Джастин Бэйлидің «Барыста» қалу мүмкіндігі туралы айтты

«Барыс» ХК
«Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец команданың америкалық шабуылшысы Джастин Бэйлидің болашағына қатысты пікір білдірді.
31 жастағы хоккейші Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Ол Магнитогорскінің «Металлург» командасына қарсы кездесуде хет-трик жасап, астаналық клубтың 5:4 есебімен жеңіске жетуіне көмектесті.
Матчтан кейін Кравец шабуылшының болашағынан гөрі қазіргі ойынына көбірек көңіл бөлетінін айтты.
«Қазір мен үшін ең маңыздысы – Джастиннің осы деңгейде ойнауын жалғастырып, әр матчта командаға көмектесуі. Мен оны басқа клубтардан жасыра алмаймын. Әрі қарайғы ынтымақтастық мәселесін басшылық шешеді. Егер Бэйлиге лайықты шарттар ұсынылса, оның өзі де Астанада қалғысы келеді деп ойлаймын», – деді Кравец.
15 қарашада өткен кездесуде «Барыс» өз алаңында Шығыс конференциясының көшбасшысы «Металлургті» қабылдады. Қыркүйекте осы қарсыласынан 0:3 есебімен жеңілген астаналықтар бұл жолы қарымта қайтарды.
Қонақтар бірінші кезеңде есеп ашқанымен, Джастин Бэйли таразы басын теңестірді. Кейін Чейз Приски «Барысты» алға шығарды.
Екінші кезеңнің басында Бэйли тағы бір шайба соғып, артынша хет-трик авторы атанды. Астаналықтардың бесінші голын Кирилл Савицкий енгізді.
Матч соңында «Металлург» есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартқанымен, жеңілістен құтыла алмады.
Бұл Бэйлидің ҚХЛ-дағы алғашқы хет-тригі болды.
Америкалық шабуылшы биылғы маусымда 26 матч өткізіп, 27 ұпай жинады. Оның еншісінде 16 гол және 11 нәтижелі пас бар. Осы көрсеткішпен ол ҚХЛ-ның үздік сұрмергендері тізімінде көш бастап тұр.
Бэйли «Барысқа» өткен жазда қосылған. Бұған дейін Солтүстік Америкада өнер көрсетіп, өткен маусымда АХЛ-да 71 матчта 42 ұпай жинаған.
Хоккейшінің астаналық клубпен келісімшарты 2026/27 жылғы маусымның соңына дейін жарамды. Әзірге келісімді ұзарту туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Бұған дейін Бэйли Қазақстандағы өмір мен жергілікті жанкүйерлердің қолдауы туралы жақсы пікір білдірген болатын.
«Металлургті» жеңгеннен кейін «Барыс» 29 ұпай жинап, Шығыс конференциясында бесінші орынға орналасты.
Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 18 қарашада Уфада «Салават Юлаевқа» қарсы өткізеді.