Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтады

Фото: Getty Images
Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубында ойнайтын Криштиану Роналду әлеуметтік желідегі парақшасында Португалия құрамасындағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді. Ол ұлттық команда сапында 23 жылдан астам уақыт өнер көрсетті.
41 жастағы футболшының бұл шешіміне ұлттық құрамадағы жанжал себеп болған. 27 қыркүйекте Роналду Ұлттар лигасы аясында Норвегияға қарсы өткен кездесуде (2:1) қосалқы құрамда қалды. Ал үш күннен кейін ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетіп қалды.
Бұған жаттықтырушылар штабының шабуылшыны Данияға қарсы матчқа қатысатын ойыншылар тізіміне қоспауы себеп болды. Бұл кездесу португалиялықтардың 4:2 есебімен жеңісімен аяқталған болатын.
Кейін Португалия футбол федерациясының тәртіптік кеңесі Роналдуға 30 күндік дисквалификация беріп, 255 еуро көлемінде айыппұл салды. Футболшы командадағы әріптестері мен жанкүйерлерден көпшілік алдында кешірім сұрады.
Айта кетейік, португалиялық шабуылшының халықаралық мансабы дәл Қазақстан құрамасына қарсы матчтан басталған. 2003 жылдың 20 тамызында 18 жастағы Роналду жолдастық кездесудің екінші таймында алаңға шығып, ұлттық құрамадағы дебютін жасады. Сол матчта Португалия 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Роналду ұлттық құрама сапында 234 матч өткізіп, 146 гол соғып, 45 нәтижелі пас берген. Португалиямен бірге 2016 жылғы Еуропа чемпионатында және Ұлттар лигасының 2018/19, 2024/25 маусымдарында жеңімпаз атанды.
