«Кристал Пэлас» «Бешикташпен» матчта жеңісті уысынан шығарып алды

«Бешикташ» ФК
Түркиялық «Бешикташ» пен ағылшындық «Кристал Пэлас» УЕФА Еуропа лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда 2:2 есебімен тең түсті.
УЕФА Еуропа лигасы. Жалпы кезең. 3-тур
«Бешикташ» (Түркия) – «Кристал Пэлас» (Англия) – 2:2
Голдар: Ндиди, 45+2; Олайтан, 73 – Пино, 51; Матета, 55.
Қызыл қағаз: Ақдаг, 78 («Бешикташ»).
Қонақтар алтыншы минутта есеп ашуы мүмкін еді. Алайда Жан-Филипп Матетаның соққан голы VAR жүйесі арқылы тексерілгеннен кейін офсайдқа байланысты есепке алынбады.
Бірінші таймға қосылған уақытта алаң иелері алға шықты. 45+2-минутта Салих Өзжанның ұзын пасын қабылдаған жартылай қорғаушы Уилфред Ндиди дәл соққысымен «Кристал Пэластың» қақпасын дәл көздеді.
Үзілістен кейін ағылшындық команда төрт минут ішінде екі гол соқты. 51-минутта Анан Халайлидің пасынан кейін Йереми Пино есепті теңестірді. Ал 55-минутта Матета қарсылас қорғаушысының қателігін пайдаланып, қонақтарды алға шығарды.
Дегенмен «Бешикташ» 73-минутта таразы басын теңестірді. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Джуниор Олайтан айып алаңының сыртында допты қабылдап, бірнеше қарсыласын алдап өтіп, төменгі бұрышқа дәл соққы жасады.
Кездесудің соңына қарай түркиялық клубтың жағдайы қиындай түсті. 78-минутта қорғаушы Үміт Ақдаг Йорген Странн Ларсенге қарсы дөрекі ойнағаны үшін тікелей қызыл қағаз алды. Соған қарамастан, алаң иелері есепті сақтап қалды.
Үш турдан кейін «Бешикташ» жеті ұпай жинап, жалпы кезең кестесінде сегізінші орында тұр. Бұған дейін стамбұлдық клуб француздық «Марсельді» (4:1) және германиялық «Хоффенхаймды» (3:2) жеңген еді.
Ал төрт ұпайы бар «Кристал Пэлас» 15-сатыға жайғасты.
Төртінші турда 6 қарашада «Бешикташ» сырт алаңда шотландиялық «Селтикпен» кездеседі. Ал «Кристал Пэлас» германиялық «Хоффенхаймды» қабылдайды.