Кукурелья «Реалға» ауысқаннан кейінгі алғашқы әсерімен бөлісті

Али Асетов··
«Реал Мадрид» ФК

«Реал Мадрид» ФК

Испаниялық қорғаушы Марк Кукурелья Лондонның «Челси» клубынан ауысқаннан кейін мадридтік «Реал» құрамында жаттығуға кірісті.

28 жастағы футболшы жаңа командаластарымен бірге алғаш рет жаттығу өткізді. Жаттығудан кейін Кукурелья команданың жаттығу барысындағы алғашқы әсерімен бөлісіп, әріптестерінің өзін жылы қарсы алғанын атап өтті.

«Өте қуаныштымын. Ұзақ күтуге тура келді, уақыт өтпей қойғандай болды. Бірақ қазір мен осындамын. Бүгін әріптестеріммен бірге жаттығып, барлығымен таныстым. Енді әрқайсысын жақынырақ танығым келеді. Жыл керемет өтеді деп үміттенемін.

Барлығы өте жақсы. Командадағы әріптестеріммен танысуды көптен бері қаладым. Маған жазған жігіттердің кейбірімен сөйлестім. Мені өте жылы қарсы алды. Күн ауыр әрі ұзақ болды, дегенмен қазірдің өзінде ырғаққа еніп, біртіндеп үйренісіп келе жатқанымды сезіп тұрмын. Жақында ең қызықты кезең басталады», – деп келтіреді футболшының сөзін клубтың баспасөз қызметі.

Кукурельяның мадридтік клубпен келісімшарты 2032 жылдың маусым айының соңына дейін есептелген. Қорғаушы өткен маусымды «Челси» сапында өткізіп, барлық турнирде 50 матчқа қатысты. Оның еншісінде бір гол және төрт нәтижелі пас бар.

2026 жылғы әлем чемпионатында Кукурелья Испания құрамасының барлық сегіз кездесуінде алаңға шықты. Турнир барысында үш нәтижелі пас беріп, ұлттық құрамасының тарихында екінші рет әлем чемпионы атануына үлес қосты.

Сонымен қатар қорғаушы FIFA нұсқасы бойынша әлем чемпионатының символикалық құрамасына енді. Онымен бірге Испания құрамасындағы әріптестері Родри мен Педро Порро да үздіктер қатарына кірді.

Кукурелья 2026 жылдың 15 маусымында «Челсиден» Мадридке ауысып, «Реал» ойыншысы атанды. Испаниялық футболшы лондондық команда сапында 2022 жылдан бері өнер көрсетіп келді. 2025 жылы «Челси» құрамында УЕФА Конференциялар лигасы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды.

Кукурелья Испания құрамасымен бірге 2024 жылы Еуропа чемпионы атанған.