Күрес түрлерінен әлем чемпионаты ресми түрде Астанада өтеді

Фото: UWW ресми сайты
Бүкіләлемдік біріккен күрес ұйымы (UWW) Бахрейннің ұлттық Олимпиада комитеті және күрес федерациясымен бірлесіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының Манамадан - Астанаға ауысқанын ресми түрде жариялады.
Бастапқыда әлем біріншілігі Бахрейн астанасы Манамада өтуі тиіс болды. Алайда аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты қауіпсіздік мәселесі ескеріліп, әлем чемпионаты Астанада өтетін болды.
UWW шешімнің соңғы дайындық кезеңінде қиындықтар туындамауы үшін алдын ала қабылданғанын атап өтті.
Ресейдегі спорттық күрес федерациясының президенті әрі UWW вице-президенті Михаил Мамиашвили турнирді қабылдауға Қырғызстан мен Өзбекстан да үміткер болғанын айтты. Алайда дауыс беру қорытындысында Астана небәрі бір дауыстың басымдығымен жеңіске жетті.
Осыған дейін де Қазақстан әлем біріншіліктерін қабылдаған. 2019 жылы сол кезде Нұр-Сұлтандағы «Барыс Аренада» Олимпиада алдындағы күрес түрлерінен әлем чемпионаты өткен еді.
UWW турнирдің нақты мерзімі мен өткізу форматына қатысты қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын хабарлады.