«Лион» Еуропа лигасын жеңіспен бастады

Бекарыс Әлімхан··
«Лион» ФК

«Лион» ФК

Францияның «Лион» клубы Еуропа лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы турда сырт алаңда Бельгияның «Андерлехт» командасын 2:1 есебімен жеңді.

Француздық клуб кездесудің 8-минутында есеп ашты. Ноа Нарти айып алаңының сыртынан дәл соққы жасап, командасын алға шығарды.

Ал 22-минутта «Лион» басымдығын еселей түсті. Мохамед Уэдраогоның пасын Кэйто Накамура сәтті пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл жапониялық шабуылшының «Лион» сапындағы алғашқы голы болды.

Екінші таймда алаң иелері ойын тізгінін қолға алды. Нәтижесінде 61-минутта Михайло Цветкович Али Маамардың берген пасын дәл пайдаланып, есеп айырмасын қысқартты.

Дегенмен бельгиялық команда қалған уақытта есепті теңестіре алмады. Осылайша, «Лион» алғашқы турда үш ұпай еншілеп, Еуропа лигасының жалпы кезеңін жеңіспен бастады.

Айта кетейік, «Андерлехт» бұған дейін Алматының «Қайратымен» Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі плей-оффта кездескен. Бельгиялық клуб екі матчта да 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша «Андерлехт» 6:0 есебімен келесі кезеңге өткен болатын.

Еуропа лигасының екінші турында «Андерлехт» 16 қазанда сырт алаңда Загребтің «Динамосымен» кездеседі. Ал «Лион» 15 қазанда өз алаңында Англияның «Кристал Пэлас» клубын қабылдайды.