Лионель Месси айып добынан гол соғу бойынша әлемдік рекордқа жақындады

Aibar Rysdaulet··
Фото: CBS Sports

Фото: CBS Sports

Аргентиналық шабуылшы Лионель Месси айып добынан соғылған голдар саны бойынша әлемдік рекордқа жақындап келеді.

«Интер Майами» мен «Монреаль» арасындағы MLS матчында Месси айып добынан екі рет гол соғып, көрсеткішін 74 голға жеткізді. Sudanalytics мәліметінше, бұл нәтижемен 39 жастағы футболшы әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді.

Мессимен бірге 74 голдан Жаир Роза Пинту мен Роберто Динамиттің де еншісінде бар. Ал бесінші орында 72 голы бар Жуниньо Пернамбукано тұр.

Рейтингтің көшін бразилиялық Марселиньо Кариока бастап тұр. Ол айып добынан 78 рет дәлдік танытқан.

Осылайша, Мессиге абсолютті рекордты қайталау үшін тағы төрт гол қажет. Ал әлемдік рекордтың жеке иегері атану үшін аргентиналыққа тағы бес рет айып добынан гол соғу керек.

«Интер Майами» соңғы ойында «Монреальды» 7:1 есебімен жеңді. Месси бұл кездесуде покер жасап, командасының ірі жеңісіне үлес қосты.