Басты бет
·
Футбол

Луиш Нани «Ақтөбеден» кететінін мәлімдеді

Бекарыс Әлімхан··
«Ақтөбе» ФК

«Ақтөбе» ФК

Португалиялық футболшы Луиш Нани Қазақстан Премьер-лигасының қазіргі маусымы аяқталған соң «Ақтөбе» клубынан кететінін хабарлады.

39 жастағы футболшы бұл туралы Instagram парақшасында жазды. Ол маусымдағы соңғы үй матчынан кейін жанкүйерлерге үндеу жасады. Аталған кездесуде «Ақтөбе» алматылық «Қайратпен» 2:2 есебімен тең түсті. Нани алаңға негізгі құрамда шығып, 75 минут ойнады.

«Бұл менің Ақтөбедегі соңғы үй матчым болды. Бұл шытырман оқиға аяқталуға жақын. Бірақ бірге қандай жолдан өттік десеңізші! Осы керемет клубтағы әрбір адамға, қаланың және бүкіл Қазақстанның тамаша тұрғындарына бірге өткізген сәттеріміз бен жылы қабылдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Әлі бір ойын бар, бірақ өмірімнің осы кезеңіндегі естеліктер мен жылылық менімен мәңгі қалады», – деп жазды футболшы.

Нани 2026 жылдың қаңтарында «Ақтөбеге» қосылып, желтоқсанның соңына дейін келісімшартқа қол қойған. Қазақстандық клубқа ауысу үшін ол 2024 жылдың желтоқсанында аяқтаған кәсіби мансабын қайта жалғастырды. Осы маусымда португалиялық ойыншы барлық турнирде үш гол соғып, төрт нәтижелі пас берді.

Қазақстанға келгенге дейін Нани «Манчестер Юнайтед», «Спортинг», «Фенербахче», «Валенсия», «Лацио» және «Орландо Сити» клубтарында өнер көрсетті. Оның мансабындағы ең табысты кезең «Манчестер Юнайтед» сапында өтті. Ағылшын клубымен бірге төрт рет Англия чемпионы атанып, УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Ал Португалия құрамасымен 2016 жылғы Еуропа чемпионатында алтын медаль иеленді.

Айта кетейік, ҚПЛ-2026 маусымындағы соңғы кездесуін «Ақтөбе» 31 қазанда сырт алаңда Қостанайдың «Тобылына» қарсы өткізеді. 29 турдан кейін 46 ұпай жинаған ақтөбеліктер турнир кестесінде бесінші орында тұр.

Луиш Нани «Ақтөбеден» кететінін мәлімдеді – sport-hub