Майкл Кэррик «Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері қызметіне ресми тағайындалуы мүмкін

Темирлан Мажекенов ··
Майкл Кэррик

Майкл Кэррик


The Athletic мәліметінше, клуб басшылығы осы аптада өтетін атқарушы комитет отырысында Кэрриктің кандидатурасын бас бапкер лауазымына ұсынбақ.

Дереккөздің хабарлауынша, клубтың бас директоры Омар Беррада мен спорт директоры Джейсон Уилкокс Кэррикті келесі маусымда да команданы басқаруға лайықты маман деп санайды. Олар бұл ұсынысты сэр Джим Рэтклиффке жеткізуге дайын.

Каррингтондағы жаттығу базасында Кэррик командалық жоспарлау жиналыстарына қатысып жүр. Ойыншылар мен клуб қызметкерлері арасында оның тұрақты бас бапкер болып тағайындалатынына сенім бар.

Сонымен қатар, «Манчестер Юнайтед» өзге нұсқаларды да салыстырмалы түрде қарастыруда. Атап айтқанда, қызыл сойқандар «Борнмут» бапкері Андони Ираола мен «Астон Вилла» жаттықтырушысы Унаи Эмериге назар аударуда.

Айта кету керек, 44 жастағы Майкл Кэррик 2026 жылдың 13 қаңтарынан бері «Манчестер Юнайтедтің» уақытша бас бапкері міндетін атқарып келеді.

Майкл Кэррик «Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері қызметіне ресми тағайындалуы мүмкін – sport-hub