Макгрегор UFC 329 турнирі қарсаңында арнайы чемпиондық белбеуді таныстырды

Фото: Getty Images
UFC ұйымының екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы Конор Макгрегор жанкүйерлеріне Макс Холлоуэйге қарсы өтетін көптен күткен қарымта жекпе-жекке арнайы дайындалған ерекше чемпиондық белбеуді көрсетті.
Ирландиялық файтер суреттерді X әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялап, жазбаға:
«Макгрегордың белбеуі!» – деген қысқа ғана сипаттама қалдырды.
Эксклюзивті белбеулер Макгрегор мен Холлоуэй арасындағы UFC 329 турнирінің басты жекпе-жегіне арнайы әзірленген. Аралас жекпе-жек кеші 12 шілде күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді.
Екі спортшының текетіресі шамамен 13 жыл бұрын басталған. Олар алғаш рет 2013 жылдың 17 тамызында Бостонда өткен UFC Fight Night 26 турнирінде жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде кездескен еді. Сол жолы Макгрегор үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Екі төреші 30:27, ал үшіншісі 30:26 есебін ирландиялықтың пайдасына тіркеген.
Еске салайық, 37 жастағы Конор Макгрегор Макс Холлоуэйге қарсы қарымта жекпе-жекке дайындалып жатыр. Ол кәсіпқой аралас жекпе-жек спортында 2008 жылдан бері өнер көрсетіп келеді, ал UFC-дегі дебютін бес жылдан кейін жасады. Өз мансабында жартылай жеңіл және жеңіл салмақ дәрежелерінде чемпион атанып, UFC тарихындағы ең танымал спортшылардың біріне айналды.