Максим Худяков Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері атанды

ҚХФ
Қазақстан хоккей федерациясы Максим Худяковты 20 жасқа дейінгі ұлттық құраманың бас бапкері етіп тағайындады. Қазір команда IA дивизионындағы әлем чемпионатына дайындықты бастайды.
Бұған дейін 40 жастағы маман Қазақстанның 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасын жаттықтырды. Сәуір айында оның жетекшілігімен команда Польшада өткен IA дивизионындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Енді Худяков жоғары жас санатына ауысқан хоккейшілердің бірқатарымен жұмысын жалғастырады.
Маманның тағы бір жетістігі — 2026 жылғы ақпанда өткен халықаралық Eurasia Jastar Cup Kazakhstan турниріндегі жеңіс. Қазақстандық жас хоккейшілер үш кездесудің барлығында жеңіске жетті. Олар Беларусьті 3:0, Ресейдің әйелдер құрамасын 9:4 және Ресейдің U16 командасын 4:1 есебімен ұтты.
Худяков жетекшілік ететін құраманың алғашқы дайындығы 5–8 қараша аралығында Санкт-Петербургте өтетін «Болашақ кубогы» халықаралық турнирінде жалғасады. Қазақстандықтар Беларусьтің U20, Ресейдің U20 және U18 құрамаларымен кездеседі. Сонымен қатар жарыс бағдарламасына 3×3 форматындағы хоккей турнирі енгізілген.
Айта кетейік, Қазақстан жастар құрамасы үшін басты сын 2027 жылғы әлем чемпионаты болады. IA дивизионындағы турнир 6–12 желтоқсан аралығында Венгрияның Будапешт қаласында өтеді. Жарыс жеңімпазы элиталық дивизионға жолдама алады.