«Манчестер Ситиді» еурокубоктерден 10 жылға шеттетуі мүмкін

«Манчестер Сити» ФК
Англияның «Манчестер Сити» клубы Премьер-лиганың қаржылық ережелерін бұзғаны үшін УЕФА тарапынан жеті жылдан он жылға дейін еурокубоктерден шеттетілуі мүмкін.
Бұл туралы колумбиялық журналист Сезар Аугусто Лондоно X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның мәліметінше, егер «Манчестер Ситидің» апелляциясы қанағаттандырылмаса, УЕФА ағылшын клубын барлық еуропалық турнирден шеттету мүмкіндігін қарастырып жатыр.
29 қыркүйекте Англия Премьер-лигасының тәуелсіз комиссиясы «Манчестер Ситиді» 2009/10–2017/18 маусымдары аралығында қаржылық ережелерді өрескел бұзғаны үшін кінәлі деп таныған. Комиссияның шешіміне сәйкес, клуб кіріс көлемін асыра көрсетіп, шығындарын азайтып көрсетуге мүмкіндік берген жалған коммерциялық келісімдерді пайдаланған. Қаржылық есептердегі бұрмалаудың жалпы сомасы 900 миллион фунт стерлингтен асқан.
1 қазанда «Манчестер Сити» тәуелсіз комиссияның шешіміне апелляция берді. Клуб өкілдері үкімде елеулі құқықтық және нақты қателіктер бар екенін мәлімдеп, заңбұзушылықтар туралы айыптауларды жоққа шығаруды жалғастырып отыр.
Айта кетейік, УЕФА бұған дейін де «Манчестер Ситиге» санкция қолданған. 2020 жылдың ақпанында ұйым қаржылық фэйр-плей ережелерін бұзғаны үшін клубты еурокубоктерден екі маусымға шеттеткен еді. Алайда сол жылдың шілдесінде Спорттық арбитраждық сот (CAS) айыптаулардың бір бөлігі жеткілікті дәлелденбегенін анықтап, дисквалификацияны жойды.