«Манчестер Юнайтед» Бруну Фернандешті сатуды қарастырып жатыр

«Манчестер Юнайтед» ФК
Англиялық «Манчестер Юнайтед» маусым аяқталғаннан кейін команда капитаны Бруну Фернандешпен қоштасу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұған футболшы мен жаттықтырушылар штабы арасындағы келіспеушіліктер себеп болған.
Football Insider басылымының хабарлауынша, манчестерлік клуб басшылығы 32 жастағы жартылай қорғаушыны 2027 жылдың жазында сату нұсқасын зерттеп жатыр. Португалиялық футболшының бас бапкер Майкл Карриктің тактикалық шешімдерін ашық сынауынан кейін жағдай ушыға түскен.
Еске салайық, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда италиялық «Комоға» 1:4 есебімен жеңілгеннен кейін Фернандеш команданың тактикасын сынға алған еді. Ал «Борнмутқа» қарсы келесі матчта (0:3) жартылай қорғаушы қосалқы құрамда қалып, алаңға шықпады. Бас бапкер Майкл Каррик бұл шешімін команда ойынына өзгеріс енгізу қажеттілігімен түсіндірді.
Осы маусымда «Манчестер Юнайтед» капитаны барлық турнирде 11 матч өткізіп, төрт гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Transfermarkt порталы португалиялық футболшының нарықтық құнын 35 миллион еуроға бағалап отыр.
Фернандеш 2020 жылдың қаңтарынан бері «Манчестер Юнайтед» сапында өнер көрсетіп келеді. Ол лиссабондық «Спортингтен» ауысқан. 2023 жылы команда капитаны атанды.
Португалиялық футболшының мансабын жалғастыруы мүмкін бағыттардың қатарында Сауд Арабиясы клубтары да аталып отыр.