«Манчестер Юнайтед» соңғы 40 жылдағы ең нашар нәтижесінен кейін бас бапкерін қызметінен босатуы мүмкін

Майкл Каррик. Фото: Getty Images
«Манчестер Юнайтед» басшылығы команданың сәтсіз нәтижелеріне байланысты бас бапкер Майкл Каррикті қызметінен босату мәселесін қарастырып жатыр. Ағылшын клубы Премьер-лиганың он турынан кейін төменгі дивизионға түсіп қалу аймағында тұр.
45 жастағы маманның болашағына қатысты шешім 10 қарашада Монакода өтетін клуб басшылығының кездесуінде қабылдануы мүмкін.
Журналист Бен Джейкобстың мәліметінше, «Манчестер Юнайтедтің» тең иесі Джим Рэтклифф клубтың бас директоры Омар Беррада және спорт директоры Джейсон Уилкокспен команданың қазіргі жағдайын талқылайды.
Кездесу барысында Каррикті қызметінен босату туралы ұсыныс жасалады деп күтілуде.
Карриктің орнына кім келуі мүмкін?
Бас бапкер қызметіне негізгі үміткерлердің бірі – қазіргі уақытта АҚШ құрамасын жаттықтырып жүрген Маурисио Почеттино.
Аргентиналық маман Америка футбол федерациясымен келісімшартын 2030 жылға дейін ұзартқанына қарамастан, Англия футболына қайта оралуға қызығушылық танытып отыр.
TEAMtalk мәліметінше, Почеттиноның келісімшартында шамамен 10 миллион фунт стерлинг көлеміндегі өтемақы қарастырылған.
Сондай-ақ ықтимал үміткерлер қатарында «Ньюкаслдың» бұрынғы бас бапкері Эдди Хау мен Германия құрамасын жаттықтырған Юлиан Нагельсман бар.
«Манчестер Юнайтедтің» жағдайы қандай?
Ағылшын клубы биылғы маусымда Премьер-лигада өте сәтсіз өнер көрсетіп жатыр.
Алғашқы он турда манкуниандықтар небәрі бір жеңіске жетіп, бес рет тең ойнады және төрт кездесуде жеңілді.
Нәтижесінде команда сегіз ұпаймен турнирлік кестеде 18-орында тұр.
Соңғы кездесуде «Манчестер Юнайтед» «Астон Вилламен» 4:4 есебімен тең түсті. Осылайша клубтың АПЛ-дегі жеңіссіз сериясы сегіз матчқа жетті.
BBC мәліметінше, бұл «Манчестер Юнайтедтің» соңғы 40 жылдағы маусымды ең сәтсіз бастауы.
Еске салайық, Майкл Каррик 2026 жылдың қаңтарында «Манчестер Юнайтедтің» уақытша бас бапкері болып тағайындалған еді.
Оның жетекшілігімен команда өткен маусымды үшінші орында аяқтап, Чемпиондар лигасына жолдама алды. Осыдан кейін клуб Каррикпен 2028 жылға дейін тұрақты келісімшарт жасасты.
«Манчестер Юнайтед» келесі кездесуін 22 қарашада сырт алаңда «Ливерпульге» қарсы өткізеді.
Әзірге клуб Карриктің қызметінен босатылғаны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.