Марадона ісі: дәрігерлерге 12 жылға дейін түрме жазасы сұралды

Фото: x_@TouchlineX
Аргентина прокуратурасы Диего Марадонаның өліміне қатысты іс бойынша айыпталған жеті медицина маманының алтауына түрме жазасын тағайындауды сұрады.
Al Jazeera мәліметінше, қайта басталған сот процесі биыл сәуір айынан бері жалғасып келеді. Жеті айыпталушының барлығы футболшы өмірінің соңғы апталарында оған медициналық көмек көрсетуге қатысты тергеліп жатыр. Марадона 2020 жылдың 25 қарашасында 60 жасында миындағы қан ұйығын алып тастау операциясынан кейінгі оңалту кезеңінде қайтыс болды.
Прокурор Патрисио Феррари қорытынды сөзінде медициналық көмектің салдарынан Марадона «дәрменсіз күйде» қалғанын мәлімдеді. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, науқастың жағдайы нашарлап, ісіну, тахикардия және тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер байқалғанына қарамастан, медицина мамандары қажетті шараларды қабылдамаған.
Прокуратура ең қатаң жазаны футболшының жеке дәрігері Леопольдо Луккеге 12 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Медициналық көмекті үйлестіруші Нэнси Форлиниге 10 жыл, психиатр Агустина Косачовқа 8 жыл, психолог Карлос Диасқа 5 жыл жаза тағайындау ұсынылды. Ал медициналық көмекті үйлестіруші Мариано Перрони мен медбике Рикардо Альмиронға төрт жылдан бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Дәрігер Педро Ди Спаньяны прокуратура ақтауды өтінді.
Айта кетейік, бұл іс бойынша алғашқы сот процесі 2025 жылдың мамырында судьялардың бірінің сот талқылауы туралы деректі жоба әзірлеуге қатысқанына байланысты туындаған жанжалдан кейін жарамсыз деп танылды. Қорғау тарапы қорытынды сөздерін 20-22 қазан аралығында сөйлейді. Осыдан кейін сот үкімді талқылауға кіріседі.