Марко Росси Қазақстанмен өткен матчтан кейін Венгрия құрамасының мәселелерін айтты

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Венгрия құрамасының бас бапкері Марко Росси Қазақстанға қарсы жолдастық кездесуді қорытындылап, өз командасының ойынында кемшіліктер болғанын айтты. Матчта венгриялықтар 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Маманның сөзінше, кездесу Венгрия құрамасы үшін жоспарланғандай басталмаған.

«Біз жеңіске жетуді көздедік, бірақ матчты мұндай сценариймен бастауды ойлаған жоқпыз. Қазақстанның жылдам қарымта шабуылдарына дайын болсақ та, бірнеше қателік жіберіп қойдық. Қарсылас сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланды. Әсіресе бұрыштама добынан кейін гол өткізіп алдық. Бұл бағытта әлі де көп жұмыс істеуіміз керек.

Соған қарамастан, жіберіп алған голдан кейін команданың реакциясына көңілім толды. Әсіресе екінші таймда жақсы ойын көрсеттік. Қазақстан құрамасы агрессивті әрі қарқынды футбол ойнап, алаңда бар күшін салды. Халықаралық деңгейде дәл осындай көзқарас қажет», – деді Росси Венгрия футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Еске салайық, матчта есепті Қазақстан құрамасы алғашқы болып ашқан болатын. Сергей Малый бұрыштама добынан кейін баспен дәл соққы жасап, командасын алға шығарды. Алайда кейін алаң иелері есепті өз пайдасына шешіп, үш гол соқты.

Венгрия құрамасы сапында Доминик Собослаи, Андраш Шефер және Раймунд Тот мергендік танытты.