Маркус Рэшфорд «Бавария» сапына ауысуы мүмкін

Айнат Қабидулла··
Фото: Marc Graupera / ФК «Барселона»

Фото: Marc Graupera / ФК «Барселона»

«Манчестер Юнайтедтің» шабуылшысы Маркус Рэшфорд мансабын Германияда жалғастыруы мүмкін. Англия құрамасының ойыншысына "Бавария" қызығушылық танытып отыр.

Трансфердің жүзеге асуы көп жағдайда «Барселона» клубының шешіміне байланысты. Рэшфорд өткен маусымда каталониялық клуб сапында жалға алу келісімімен өнер көрсеткен болатын, деп жазды Football365.

«Барселонаның» футболшыны 30 миллион еуроға толыққанды сатып алу құқығы бар. Алайда қазіргі таңда клуб басшылығы бұл мүмкіндікті пайдалануға асығар емес. Оның орнына каталондықтар ойыншыны қайта жалға алу немесе мәміленің қаржылық шарттарын қайта қарастыру нұсқаларын талқылап жатыр.

Өткен маусымда Рэшфорд барлық турнирде 49 матчқа қатысып, 14 гол соғып, 14 нәтижелі пас берді. Ал Transfermarkt порталы ағылшын шабуылшысының нарықтағы құнын 40 миллион еуроға бағалап отыр.

Егер «Барселона» ойыншыны өз құрамында қалдырудың жолын таппаса, онда Рэшфордтың келесі аялдамасы Мюнхен болуы әбден мүмкін.