Мейірім Нұрсұлтановтың болашақ қарсыласы кезекті жеңісіне қол жеткізді

Фото: Getty Images
Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамес қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізер алдында жеңіске жетті.
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен бокс кешінде доминикандық боксшы Ұлыбритания өкілі Джером Уорбертонмен кездесті.
Он раундқа созылған жекпе-жекте 32 жастағы Адамес төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Есеп – 100:90, 99:91 және 98:92.
Бұл Карлос Адаместің Zuffa Boxing ұйымы аясындағы алғашқы жекпе-жегі болды. Доминикандық боксшы аталған ұйыммен ұзақмерзімді келісімшарт жасасқан. WBC оған чемпиондық белбеу сарапқа салынбайтын кездесуде өнер көрсетуге рұқсат берген.
Енді Адамес WBC алдындағы міндеттемесін орындап, чемпиондық атағын қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы жекпе-жекте қорғауы тиіс.
Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов WBC рейтингінде чемпиондық белбеуге міндетті үміткер саналады. Ұйым бұған дейін Адамеске қазақстандық боксшымен кездесуді ресми түрде міндеттеген.
Әзірге жекпе-жектің өтетін күні мен орны белгісіз.