Мексика әлем чемпионатын жеңіспен бастады

Али Асетов··
Фото: miseleccionmx_en Instagram парақшасынан

Фото: miseleccionmx_en Instagram парақшасынан

Мексика құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында Оңтүстік Африка Республикасын 2:0 есебімен жеңді. Кездесу Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өтіп, турнир қожайындарының жеңісімен аяқталды.

Мексикалықтар ойын тізгінін алғашқы минуттардан қолға алды. Кездесудің 9-минутында Хулиан Киньонес қарсылас қақпасын дәл көздеп, матчтағы ғана емес, бүкіл әлем чемпионатындағы алғашқы голдың авторы атанды. Үзілістен кейін Хавьер Агирре шәкірттері басымдығын нығайта түсті. 67-минутта тәжірибелі шабуылшы Рауль Хименес есепті 2:0-ге жеткізді.

Екінші тайм қызыл қағаздарға толы болды. 49-минутта ОАР құрамасының жартылай қорғаушысы Яя Ситхоле соңғы үміт фолын жасағаны үшін алаңнан қуылды. Матч соңына қарай африкалықтардың жағдайы одан әрі қиындай түсті. VAR көмегімен эпизодты қайта қараған төреші қарсыласының бетіне қол жұмсаған Тхемба Званеге қызыл қағаз көрсетті. Осылайша ОАР құрамасы кездесуді тоғыз ойыншымен аяқтады.

Мексика да матчты толық құрамда аяқтай алған жоқ. Қосымша уақыттың екінші минутында қорғаушы Сесар Монтес алаңнан қуылды.