Меркель «Астананың» Конференция лигасынан шығып қалу себебін атады

Александр Меркель Астана клубының Конференциялар лигасынан шығып қалуына қатысты пікір білдіріп, албаниялық Динамо Ситимен болған қарсыластықтағы шешуші сәт ретінде алаңнан қуылу эпизодын атады.
Жартылай қорғаушының айтуынша, дәл сол сәтте команда аз құрамда қалып, артықшылықты сақтап, келесі іріктеу кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылды.
Футболшы матчтың басталуы бапкерлер штабы жоспарлағандай өткенін атап өтті. «Астана» есеп ашып, допты сенімді бақылап, ойын барысын өз қолында ұстаған.
«Біз алаңда бар күшімізді салдық және соңғы ысқырыққа дейін жағдайды өзгертуге тырыстық. Әрине, мұндай нәтижені қабылдау қиын, өйткені турнирде әрі қарай ойнауды қаладық. Бірақ футболда кейде бір ғана эпизод бүкіл ойынды өзгертіп жібереді», – деді Меркель Qazsport арнасына берген сұхбатында.
Ол жанкүйерлерге де алғыс айтып, ойыншылар бар күшін салғанын, бірақ жекелеген сәттердің бүкіл матч тағдырын шешіп кететінін жеткізді.
Екі матчтың қорытындысы бойынша Астана Динамо Сити клубына 2:4 есебімен есе жіберіп, 2026/27 жылғы Конференциялар лигасындағы жолын алғашқы іріктеу кезеңінде аяқтады.
Енді елордалық клуб бар назарын Қазақстан чемпионатына аударады. 17 турдан кейін «Астана» 29 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында тұр. Келесі матчты команда 26 шілде күні Алтай клубына қарсы өткізеді.