Месси қатарынан екінші матчта үздік ойыншы атанды

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси 2026 жылғы әлем чемпионаты топтық кезеңінің екінші турында Австрияға қарсы өткен матчтың үздік ойыншысы деп танылды.

Кездесу қазіргі әлем чемпиондарының 2:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Аргентина капитаны матчтағы екі голды да соғып, команданың басты қаһарманына айналды. Осылайша Месси әлем чемпионатындағы қатарынан екінші ойында матчтың үздік футболшысы атағын жеңіп алды.

Австриямен өткен кездесу аргентиналық жұлдыз үшін тарихи болды. Алдымен ол әлем чемпионаттарындағы 17-голын соғып, Германия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Мирослав Клозенің (16 гол) рекордын жаңартты. Кейін дубль авторы атанып, өз рекордын 18 голға дейін жеткізді.

Екі турдан кейін Аргентина құрамасы 6 ұпай жинап, J тобында жеке-дара көш бастап тұр. Австрияның еншісінде 3 ұпай бар.

Айта кетейік, топтық кезеңнің соңғы турында Аргентина Иорданиямен кездессе, Австрия Алжир құрамасына қарсы ойнайды. Екі матч та 28 маусым күні өтеді.