Микель Артета «Арсеналмен» келісімшартын ұзартты

Фото: arsenal.com
Лондондық «Арсенал» команда бас бапкері Микель Артетамен келісімшартын ұзартты.
Бұл туралы лондондық клубтың ресми сайты хабарлады.
Испаниялық маманның жаңа келісімшарты 2030 жылдың маусым айының соңына дейін есептелген. Артета «Арсеналды» 2019 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді. Оның жетекшілігімен «канонирлер» 360 матч өткізіп, 224 жеңіске жетті, 60 рет тең ойнап, 76 кездесуде жеңіліс тапты.
Артета тұсында лондондық клуб бес жүлде жеңіп алды. Олардың қатарында 2025/26 маусымындағы АПЛ чемпиондығы да бар. Бұл «Арсеналдың» 22 жылдағы алғашқы чемпиондық атағы болды.
Еске салайық, Микель Артета «Арсеналмен» бірге клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасын жеңуге өте жақын болды. 2025/26 жылғы турнирдің финалында лондондық команда ПСЖ-дан пенальти сериясында жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.
2026/27 жылғы АПЛ маусымының бес турында «Арсенал» 12 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орында келеді. Бірінші орында 15 ұпайы бар «Манчестер Сити» тұр.