Михаил Кукушкин кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеді

Фото: ATP
Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин 38 жасында спорттық мансабын аяқтайтынын жариялады. Спортшының соңғы жарысы биыл күзде Алматыда өтетін турнир болмақ.
Кукушкин теннистің оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.
«Достар, жанкүйерлер және менің теннистік жолымның бір бөлігі болған барлық жандар. Кейде тоқтап, артқа қарап, “рақмет” дейтін сәт келеді. Бүгін мен сіздермен маңызды шешіммен бөліскім келеді. Көп жылдық кәсіби мансаптан кейін биыл спорттық масабымды аяқтаймын. Соңғы турнирім қазан айында Алматыда өтетін Almaty Open ATP 250 болады», – деп жазды спортшы Instagram парақшасында.
Сондай-ақ ол мансап бойы қолдау көрсеткен отбасысына, бапкерлеріне, командасына және жанкүйерлеріне алғыс білдірді.
Кукушкиннің ATP рейтингіндегі ең жоғары көрсеткіші — 2019 жылдың ақпанында қол жеткізген 39-орын. Кәсіби мансабы барысында ол бір ATP титулын жеңіп алған (2010, Санкт-Петербург), сондай-ақ Мәскеу (2013), Сидней (2015) және Марсель (2019) турнирлерінде финалға шыққан. Бұдан бөлек, Challenger сериясында 15-тен астам жеңіс тіркеген.
Үлкен дулыға турнирлеріндегі ең үздік нәтижелері — Australian Open-2012 және Уимблдон-2019 додаларында 1/8 финалға дейін жетуі. Ал жұптық сайыста ол одан да жоғары нәтиже көрсетіп, Australian Open-2020 жартылай финалына және Roland Garros-2019 ширек финалына дейін барған.
Қазақстан құрамасы сапында Кукушкин 2014 жылғы Азия ойындарының командалық жарысында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Дэвис кубогының Әлемдік тобы аясында Қазақстанның ширек финалға шығуына бірнеше рет үлес қосып, әлемдік рейтингтің үздік ондығындағы теннисшілерді де жеңген кездері болған.